Адам саудасы (траффикинг) құлдықтың заманауи түрі болып табылатын жаһандық проблема.

Адам саудасы адамды пайдалану мақсатында сатып алу, сату, зорлық-зомбылық, алдау, қорқыту және басқа да мәжбүрлеу түрлерін қамтиды. БҰҰ мәліметі бойынша, әлемде адам саудасының құрбандарының 70%-нан астамы қыздар мен әйелдер, ал барлық құрбандардың үштен бірі — балалар.

Адам саудасы қару мен есірткі сатудан кейінгі қылмыстық кірістер бойынша әлемде үшінші орында. Бұл қылмыстық бизнес әлемнің барлық дерлік мемлекеттеріне, соның ішінде Қазақстанға да қатысты.

Қазақстандағы жағдайды талдау

Қазақстан бүгінде адам саудасының құрбандарын кіргізу, транзиттеу және шығару елі болып табылады. Ең көп таралған түрлері – мәжбүрлі жезөкшелік пен еңбек құлдығы. Елімізде бала сату фактілері де тіркелді. ҚР ІІМ мәліметінше 2019-2020 жылдары жаңа туған нәрестелерді сатудың бес фактісі анықталды.

Соңғы үш жылда Қазақстанда адам саудасына қатысты мыңнан астам қылмыс тіркеліп, 242 адам сотталған. Осы уақытқа дейін адам саудасы оқиғаларының саны өсуде. Толық түсіну үшін жылдар бойынша динамиканы қарастырайық:

2018

Walk Free халықаралық коммерциялық емес ұйымының мәліметі бойынша 2018 жылы Қазақстанда 75 мың құл болған, бұл мыңның төртеуіне жуық. Сонымен қатар зерттеушілер қанша азаматтың құлдықтан қорғалмағанын көрсететін «осалдық индексін» анықтады. Қазақстан Республикасында бұл көрсеткіш 43,32 пайызды құрады, яғни әрбір екінші адамның дерлік еңбек немесе жыныстық қанау қаупіне ұшырау қауіпі бар.

2019

2019 жылы Қазақстан осы мәселелерді шешу үшін заңнамалық өзгерістер енгізу қажеттілігіне байланысты АҚШ Мемлекеттік департаментінің адам саудасы туралы жылдық есебінде 2-деңгейдегі бақылау тізіміне енгізілді. Баяндама авторлары Қазақстанға өз позициясын жақсарту үшін 11 ұсынысын жасады.

2020

Пандемия кезінде елімізде «Адам саудасы» бабы бойынша антирекорд орнатылды. Бас прокуратураның мәліметінше өткен жылмен салыстырғанда тіркелген қылмыстар саны 6 есеге артқан. Қылмыс жасағандардың барлығы дерлік орта немесе арнаулы орта білімі бар жұмыссыздар. Сол жылы Бахрейндегі 20-дан астам қазақ әйелінің сексуалдық құлдықтан босатылуы қоғам назарына ілінген болатын.

2021

Жыл басынан бері Қазақстанда адам саудасына қатысты 87 қылмыстық іс қозғалған. Сонымен бірге, бірінші жартыжылдықта «11616» Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі сенім телефонына 837 қоңырау түскен. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Алматыда азаматтардың құқықтарын қорғау проблемалары туралы арнайы баяндаманың тұсаукесерінде сарапшылар адам саудасына қатысты қылмыстық істердің тек 70% ғана сотқа жететінін айтқан.

Қазақстандағы адам саудасының даму себептері

Қазақстанда адам саудасына қарсы тұру мәселесінде бұған кедергі келтіретін бірнеше факторлар бар:

Төмен бағаланған ресми статистика. 2021 жылдың ақпан айында елордада адам саудасымен күрес туралы баяндама оқылған болатын. Осы баяндамаға сәйкес Қазақстанда адам саудасына қатысты әрбір төртінші қылмыс қана ашылады. Мамандардың айтуынша қылмыстарды анықтау көрсеткішінің төмендігі құқық қорғау органдары мен мемлекеттік органдардың дағдарыс орталықтарымен тиімді өзара іс-қимылының жоқтығымен байланысты. Жасырын адам саудасының өркендеуіне сыбайлас жемқорлық әбден себепші болуы мүмкін. Мәселен, Жамбыл және Алматы облыстарында сәбилерді сатуға байланысты қылмыстарға ресми мемлекеттік мекемелердің өкілдері: аудан әкімдігі жанындағы бала асырап алу комиссиясының мүшесі және облыстық аурухананың медицина қызметкерлері қатысқан болатын.

Шетелдіктердің әлеуметтік көмекке қолжеткізуге мүмкіндіктерінің болмауы. Тағы бір маңызды фактор – адам саудагерлерінің әрекетінен зардап шеккен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қорғау шараларының әлсіздігі. АҚШ Мемлекеттік департаментінің Қазақстандағы адам саудасының жағдайы туралы есебіне сәйкес, шетелдіктер тек қылмыстық істер бойынша тергеу әрекеттеріне қатысқан жағдайда ғана жан-жақты қолдау алады. Сондай-ақ баяндамада сот процестеріне қатысудан бас тартқандар депортациядан басқа заң саласында ешбір нұсқаны таңдай алмайтыны айтылған. Сонымен қатар, статистикалық мәліметтерге сәйкес, шетел азаматтары жиі қауіпке ұшырайтын топқа жатады.

Құқықтық сауатсыздық пен білімнің аздығы. Адам саудасымен күреске тек құқық қорғау органдары, қоғамдық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдар ғана емес, барлық азаматтар атсалысуы керек. Кез келген күдікті жағдай байқалған жағдайда 116 16 ұлттық сенім телефонына немесе тиісті органдарға хабарлауға болады. Қазақстандық қоғамда бұл проблеманы жою үшін адам саудасы саласындағы білім деңгейін және құрбандарға көмек көрсетумен айналысатын ұйымдарды тану деңгейін көтеру қажет.

Қазақстан адам саудасымен қалай күресіп жатыр?

Мемлекеттік шаралар өткізіледі – бұл үш жыл сайын қабылданатын жоспар. Қазір 36 тармақтан тұратын 2021-2023 жылдарға арналған жоба әрекет етуде. Жоспарда адам саудасымен байланысты қылмыстардың алдын алу бойынша мемлекеттік органдардың атқаратын шаралары қамтылған. Мысалы, адам саудасы фактілерін анықтау және жолын кесу, зардап шеккендерге көмек көрсету, оңалту және әлеуметтік қызмет көрсету, полиция қызметкерлерін, еңбек инспекторларын, сот органдарын оқыту. Мұның барлығын әртүрлі мемлекеттік органдар жүзеге асырады: Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек министрлігі, Бас прокуратура, Жоғарғы Сот, Қорғаныс министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, халықаралық ұйымдар, ҮЕҰ, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар.

Сонымен қатар адам саудасына қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия - үкімет жанындағы консультативтік-кеңесші орган жұмыс істейді. Оның міндеті – адам саудасы жағдайын бақылау, мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру, проблемаларды талқылап, шешу жолдарын іздестіру, ұсыныстар енгізу. ВАК құрамына 13 мемлекеттік орган, екі халықаралық ұйым және бес ҮЕҰ кіреді. Қазақстанның әр аймағында аймақтық комиссия іске қосылған.

Биылғы жылы Қазақстанда енгізілген жаңалықтардың бірі – адам саудасына қатысты кез келген шақыруларға шығатын жұмыс топтары. Топ үкіметтік емес ұйымдардың, құқық қорғау органдарының және әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінің өкілдерінен тұрады. Оқиға орнында жәбірленушіге көмек көрсетіліп, тергеу амалдары жүргізілуде.

kkKazakh